Бүгін, 14 шілдеде футболдан әлем біріншілігінде 3 орын үшін Англия мен Бельгия құрамалары кездеседі.

Әлемге әйгілі доп додасы ертең межесіне жетеді. Ресей еліне келген 32 үздіктің ішіндегілердің бүгінде 4-еуі жүлделі орындарды сарапқа салатын болды. Жартылай финалда Бельгия Франциядан, Англия Хорватиядан жеңіліп, енді екеуі қола жүлдеге тартысқа түседі. Болжам жасаушылар Бельгия мен Англияны да алтыннан әлем чемпионатын алуға үміткер құрамалар қатарына қосқан еді. Десе де олар соңғы сәтте қарсыластарына есе жіберіп қойды. Сондықтан енді олар ұола жүлдеден да құр қалмауға тырысады.

Бұдан бұрын айтқанымыздай, Англия әлемдік додада 1966 жылы топ жарған еді. Содан бері бұл биіктікті бағындыра алмай келеді. Талай буын алмасты. Шеберлігімен тәнті еткен қаншама жұлдыздар жасыл алаң төрінде жарқылдай көзге түссе де, чемпиондық тұғырға қадам басу ағылшын футболшыларының маңдайына жазылмай келеді. Айта кетерлігі, содан бері олар үздік үштіктен де көріне алмай жүр. 1990 жылы Италияда өткен әлем біріншілігінде төртінші орынды қанағат тұтты. Ол жолы ағылшындар алаң иелері - итальяндық қарсыласынан 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді.

Биылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде Англия жоғары нәтиже көрсетті. Олар 10 кездесудің небәрі екеуінде тең түсіп, қалғанының барлығында ұпайды шашау шығарған жоқ. Финалдық кезеңде бүгінгі қарсыласы - Бельгияға 0:1 есебімен жол беріп қойды. Қалған екеуінде Тунисті 2:1, Панаманы 6:1 есебімен жеңді. Жарыстың 1/8 финалдық сатысында Колумбияны пенальти тебуден орта жолда қалдырып, Швецияны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Хорватияға 1:2 есебімен ұтылды.