Олимпиада чемпионы, қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров Алматыда өзінің деректі кітабын таныстырды. Белгілі спортшының өмірі мен мансаптық жолында жеткен жеңістері 174 беттік кітапта айқын басылған.

«Менің алтын мансабым» атты деректі ктіапта 1998 жылдан бастап 2012 жылдар аралығы қамтылған. Винокуровтың кәсіби велоспортта алғашқы қадамдары қалай басталғаны, Лондон олимпиадасындағы теңдессіз жеңіс фотосуреттермен әсерлі көрсетілген. «Бұл жобаға шығармашылық және техникалық топ аса үлкен жауапкершілікпен қарады. Олар тек сенімді мәлімет көздеріне ғана жүгінді, менің спорттағы еңбек жолында ешкімге белгісіз жаңа қырларымды тапты. Ашығын айтайын, мен мазмұнның сұрақтарына толықтай қанағаттандым. Бұл кітаптың жас спортшылардың серігіне айналғанын қалаймын. Біз оқырмандарға Қазақстанның түкпіріндегі ауылдан біреу Еуропаға Олимпиада чемпионы атану үшін кеткені туралы әңгіме қызықты болар деп үміттенеміз. Кітаптың құрастырылуына үлес қосқан барлық адамдарға, болашақ оқырмандар мен сыншыларға алғысымды айтамын»,-деп атап өтті Александр Винокуров.

Дәл қазір кітаптың 2 мың данасы жарық көрді, олар ел кітапханаларына таратылады. Белгілі болғанындай, Александр Винокуровтың шығармашылық жоспарлары мұнымен бітпейді. Бір жылдан кейін қазақстандық велошабандоздың өмірі мен отбасы туралы автобиографиялық кітабы жарыққа шығады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, осы айда кітаптың тұсаукесерімен бірге олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың атындағы қоғамдық қор жұмысын бастады.