Финляндияның Тампер қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Давид Ефремов іріктеуден аса алмады, деп хабарлайды жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.

110 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген қарағандылық спортшы өз тобында төртінші орынмен шектелді. Ал жартылай финалға әр топтан үш атлет және уақыт көрсеткіші жоғары тағы үшеуі өтті. Жалпы, бұл сайыс түрінен 55 спортшы қатысты. Олар жеті топқа бөлініп жүгірді.

Ефремовке қиын болды. Өйткені, ол фавориттермен бір топқа түсті. Мысалы, ямайкалық Дэмиан Томас іріктеу аталған қашықтықты13.41 секундта, жартылай финалда 13.37 секундта жүгіріп өтті. Сондай-ақ оның алдын Жасон Никольсон (Ұлыбритания) мен Жозеф Андерсон (АҚШ) кесті.

19 жастағы қазақстандық атлет мәреге 14.01 секундта жетті. Мұндай уақыт көрсетікшімен жартылай финалға шығу мүмкін емес.Соңғы орынмен өткен белгиялық спортшының өзі 13.82 секундта жүгірген.

Айта кетейік, Давидтің жеке рекорды Гифудегі Азия чемпионтында тіркелген (13.79 сек).