Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден «Гауһар лигасының» екі кезеңіне қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ. Бұл қазақстандық жеңіл атлеттің биылғы маусымда алғаш рет жарыс жолына шығуы еді, деп жазады Олимпиада комитетінің ресми сайты.

Лондон Олимпиадасында алтын, Рио Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Рыпакова үшін биылғы ең басты бәсеке қандай болмақ? Спортшының әлемдік турнирде жолы болмауының себебі неде?

- Биылғы маусымда «Гауһар лигасының» екі кезеңіне ғана қатыстым. Оған дейін денсаулығымды реттеп, аздаған жарақаттарымнан айығу үшін алғашқы кезеңдерден сырт қалған едім. Шыны керек, әлі өзім ойлағандай формада емеспін. Маусым мен үшін енді басталғандықтан, спорттық бабыма алдағы уақытта толықтай жетемін деп ойлаймын. Негізінен, биыл мен үшін «Гауһар лигасы» екінші кезекте тұр. Басты бәсеке – Жазғы Азия ойындары. Бар күшімді Джакартадағы додаға сақтап отырмын. Ең негізгі мақсатым – осы маусымда жарақаттан аман болып, Азия ойындарында сәтті өнер көрсету, - дейді Ольга.