Бірден келісейік, бұл шолу – аза тұту емес, деректерді салыстыру ғана. Әуелгі бөлімде қазақ футболындағы мергендердің жай-күйі баяндалады, екіншісінде – «ат тұяғын басатын тайлар» жайлы сөз болмақ. І. Оннан асырған бірде-бір отандасымыз жоқ. Қазақстан чемпионаттарында бір маусымда 20 гол соғу арманға айналып барады. Соңғы рет 2009 жылы Владимир Байрамов («Тобыл») және Мұрат Тілешев («Ақтөбе») тура 20 голдан енгізді. Одан бергі 4 жыл ішінде бұл көрсеткіш үнемі төмендеумен келеді: 2010 жыл – Ұлықбек Бақаев, «Тобыл», 16 гол, 2011 жыл – Ұлықбек Бақаев, «Жетісу», 18 гол, 2012 жыл – Ұлықбек Бақаев, «Ертіс», 14 гол, 2013 жыл – Игорь Зенькович, «Ақжайық»/ «Шахтер», 15 гол. Әрине, өткізген ойынынан соққан голдары көп Лионель Месси мен Криштиану Роналдуды қазақ топырағынан қазір іздеу артық болар. Дегенмен өткізілетін ойындар саны да жеткілікті (бір маусымда 26-32 ойын аралығында), алаңға шығу жиілігі де жақсы, соған қарамастан, таза қазақстандық футбол мектебінен тәлім алған мергендер саны жыл санап азайып келеді. Аз жылда олардың тіпті экзотикаға айналар түрі бар. Қазақстандық мергендер көш басында жүрмегелі де бесінші жылға ауыпты. Сол 2009 жылдан кейін үздік мергендер бестігіне Н.Жұмасқалиев («Тобыл», 2010 жыл, 15 гол), Сергей Хижниченко («Шахтер», 2011 жыл, 16 гол), Сергей Гридин («Тобыл», 2011 жыл, 12 гол), Таңат Нөсербаев («Астана», 2012 жыл, 10 гол) сияқты футболшылар ғана кіріп отыр. Әйтпесе, тізімнен Даскалов, Белич, Бугаев, Мане, Зенькович, Юнузович, т.б. келімсектерді ғана көруге болады. Биылғы көрсеткіш тіпті төмен. Ең көп гол соққан алғашқы 5 мерген ойыншының бәрі – легионерлер. Зенькович, Сисей, Юнузович, Бугаев және Кнежевич. Қазақстандық ойыншылар ішінде өз биігінен түспеген – Н.Жұмасқалиев қана (9 доп). Нұрболдың негізгі шаруасы – шабуылды аяқтау емес, ұйымдастыру. Ендеше оның бұл көрсеткішін өте жақсы деп бағалауымыз керек. Өзі үлкен футболға араласқан 1998 жылдан бергі 15 жыл ішінде Орал футболының түлегі 152 гол соғып, Қазақстан чемпионаттарындағы ең нәтижелі ойыншы атанып отыр. Рекордшы! Оған түрлі кубоктарда, ұлттық құрама сапында соққан тағы 16 голын қоссаңыз, дәл қазір Қазақстанда осы Нұрбол мен Мұрат Тілешевтей мерген футболшы жоғына көзіңіз жетеді. Мұратта да – тура 168 гол! Бірақ соңғы жылдары Тілешевтің нәтижелігі төмендеп барады. Биыл ол маусым басында өтініш парағынан алынып тастап, ІІ айналымда қайта тіркеліп, бірсыдырғы маусым өткізе алмады, «Жетісу» сапында небәрі 4 голдың авторы атанды. Біз бұл екі мергеннің ресми ойындарда енгізген голдарын ғана есепке алып отырмыз. Жастар құрамасы, Достастық кубогы сияқты эксперимент алаңдарындағы голдар санатта жоқ. Дегенмен биыл қазақстандық 2 футболшы өздерін өте жақсы жағынан танытты. Сергей Хижниченко мен Андрей Финонченко өздері қатысқан барлық ресми жарыстарда гол соғып көзге түсті. Тіпті мамандар Финонченконы маусымның үздік футболшысы деп тануға пейілді. Шынында да Андрей биыл көсіле шапты. Ұлттық біріншілікте 6 голдың авторы атанды (былтырғы көрсеткішімен тең). Ол 2 рет жеңіс голын соқты, 2 рет есеп ашты, Алматыда «Қайраттан» 0:3 есебімен ұтылып жатқанда гол соғып, есеп айырмасын қысқартты және ойынның тең аяқталуына зор еңбек сіңірді. Бірақ «Шахтердің» еурокубоктардағы және Қазақстан кубогындағы матчтарының қат-қабат келуіне қарай Финонченко ұлттық біріншіліктің соңғы бес ойынына қатысқан жоқ (22 қыркүйектен кейін). Әйтпесе оның чемпионаттағы нәтижелілігі сәл жоғары болатыны сөзсіз еді. Бұдан бөлек, Финонченко ел кубогында 2 гол соқты (екеуі де – жеңіс голы), ұлттық құрама сапында Фарермен 2 кездесуде де гол соқты (1 жеңіс, 1 тең ойын), еурокубоктарда «Селтик», «Маккаби» және АЗ қақпасын дәл көздеді (1 жеңіс голы, 2 тең нәтиже). Өздеріңіз байқап отырғандай, Финонченко биыл голдарының пайдалылығы жағынан ешкімді теңестіріп тұрған жоқ. Сергей Хижниченко үшін де биылғы маусымның орны ерекше. Өткен жылдың көктемінде ауыр жарақат алған соң, оның бұрынғы нәтижелілігі қалпына келуі қиындау болатыны айдан анық еді. Жалпы, жоғарыдағы мергендер тізіміне көз салсаңыздар, соңғы 5 жыл ішінде ұлттық біріншілікте 15 голдан асыра соққан қазақстандық футболшы – осы Сергей ғана. Биыл Хижа да (лақап аты осындай) мергендік өзінің негізгі кәсібі екенін таныта алды. Ол да төрт тарапқа гол соқты (еурокубоктарда – 4, чемпионатта – 5, ұлттық құрамада – 1, ел кубогында – 1). Сондай-ақ осы жылы Хижниченко өзінің мергендік жылнамасына жаңа парақ жазды. Бұған дейін ол Қазақстан кубогы матчтарында бірде-бір гол соқпаған еді. Биылғы кубок финалында «Тараз» қақпасына нәтижелі соққы жұмсап, кетіктің орнын толтырды. Ескеретін бір жайт: биыл Хижниченко мен Финонченко да маусымды таза шабуылшы ретінде бастаған жоқ. Екеуі екі қапталда инсайд, тіпті жартылай қорғаушы болып өткізген матчтары көп. «Шахтерден» Д.Тәжімбетов, Э.Вишняковс сияқты шабуылшылар ауысып кеткен соң ғана Хижниченко таза шабуылшыға айналды, онда да ұлттық біріншіліктің ІІ айналымында белгілі себептерге орай (еурокубок, ел кубогы) алаңға көп шыққан жоқ. Сондықтан екеуінің биылғы төрт құбыламызды түгендегеніне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өкінішке қарай, кезінде бір жалт етіп, кейін ізін сиырқұйымшақтандырып жіберген мергендеріміз жетіп-артылады. «Қайсардан» «Ордабасыға» ауысып, маусымына кемі 8-10 гол соғып жүрген Дәуренбек Тәжімбетов «Астанаға» барғалы алаңнан мүлде көрінбейтін болды. Ал біраз жылдан бері астаналық болып жүрген Таңат Нөсербаев пен Сергей Остапенко биылғы ІІ айналымда өз орындарын Патрик Твумаси, Дамир Кояшевич, Сисеру сияқты ойыншыларға босатып берді, бәсекелес бола алған жоқ. Қырғыз футболының түлегі Бауыржан Жолшиев маусым басында Молдованы тізерлетіп, алақанымызға түкіртіп еді. Жыл соңына қарай бірде ойдан, бірде қырдан шаң берді, бірақ алаңға шыққан жоқ. «Тобылдан» кеткенін білеміз, «Шахтерден» де, «Қайраттан» да төбе көрсетуі мүмкін екені айтылып жүр осы күні. Глеб Мальцев «Ертістен» кеткен соң, футболдан да қол үз­гендей. «Ордабасыға» оны Масудов шақырды, бірақ бапкерлер ауысқан соң Мальцевтің де дерегі білінген жоқ. Ендеше, мойындауымызға тура келеді: Қазақстанда қазір мерген футболшы жоқ! Ұлттық құраманың нәтижесіздігінің бірден-бір себебі де сол! ІІ. Кімнен үміт күтеміз? 

 Қуаныш Бегалин («Ертіс»), 6 доп 

Бегалин өткен маусымда «Екібастұз» командасының сапында 30 матчта 22 гол соғып, І лиганың бас мергені атанған-ды. Биыл ол Павлодар облысының бас командасы, еліміздің 5 дүркін чемпионы «Ертіске» ауысып, ұлттық біріншілікте 5 гол соқты. Бұл команда құрамында Ұлықбек Бақаев, Сергей Стурков, Кәміл Мұрзаев сияқты танымал мергендер барына қарамастан, Бегалин ең мерген ойыншы болып отыр. Қуаныш 2013 жылғы маусымда 13 ойынға қатысты. Оның екеуін ғана бастан-аяқ өткізді, 4 рет негізгі құрамда шығып, 7 рет ойынға орта тұсынан араласты. Жиыны 610 минут алаңда болды. Сонда әр 122 минут сайын немесе әрбір 1,35 матчта 1 гол соғып отырды деген сөз. Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін бас мергені Ұ.Бақаев биыл 28 матч өткізіп, алаңда 2292 минут өткізді және 4 гол ғана соқты (шамамен әрбір 573 минутта немесе әрбір 6,36 матчта 1 гол). Ендеше, тиімділігі жағынан Бегалин биыл Бақаевтан әлдеқайда алда. Дегенмен Қуаныш Ұлықбектей мерген болып мойындалуы үшін көп еңбек сіңіруге тиіс. Биылдың өзінде-ақ ол премьер-лигада гол соғудың әлдеқайда қиын екенін түсінген болар. Бегалин Қазақстан кубогында 1 гол енгізді. Премьер-лига дуына алғаш араласып отырған 21 жастағы футболшы үшін бұл көрсеткіш сәл азырақ.   Роман Мұртазаев («Шахтер»), 5 доп

Бұл футболшыны, сөз жоқ, бапкер Виктор Кумыков ашты. С.Хижниченко аздаған жарақат алып, бірер матчқа қатыспай қалғанда, Кумыков әуелі Т.Жаңғылышбайды негізгі құрамға қосып көрді. Бірақ Тоқтар нәтижелі ойын көрсете алған жоқ. Содан кейінгі таңдау Романға түсті. Мұртазаев бұл сенімді ақтай алды. Ол әуелі еурокубокта салиқалы ойынымен көзге түсті. 30 шілдеде Роман Албания чемпионы «Скендербеуге» қарсы ойында алаңға 73 минутта шығып, 79 минутта Г.Вичюстың пасынан кейін тамаша гол соқты. Қақпашымен бетпе-бет шыққан жас ойыншының аса тәжірибелі мергендердей сол аяқпен қатты соққы жұмсайтынын ешкім де күткен жоқ еді. Мұртазаев бұдан кейін ел біріншілігінде «Ақжайықтың» қақпасына қос гол енгізді, «Астананы» елордада жеңуге де үлкен үлес қосты. Қазақстан кубогында 1 гол соққаны және бар. Биылғы күзде 20 жасқа толған ойыншыға біз жанкүйер ретінде тұрақтылық тілейтініміз анық. Голландияның АЗ командасымен Еуропа лигасы аясындағы кездесуде ІІ таймда алаңға шыққан Мұртазаев тағы да өте жақсы ойын көрсетті. Финонченкодан кейін «Шахтердің» көшбасшысы осы ойыншы болар, бәлкім. Ол жақында Армения жастар құрамасының қақпасына да гол соғып, өзінің мергендігін дәлелдей түсті.  Виталий Ли («Қайрат»), 4 гол

Дәл осы Ли ІІ айналымда «Шахтерден» «Қайратқа» ауысты. Кумыков көрмеген талантты Владимир Вайсс байқады ма, кім білсін, Ли аз уақытта «Қайраттың» негізгі «лимитшісіне» айналып шыға келді. Ең бастысы, ол оңтүстікастаналықтардың бас мергені Момоду Сисеймен жап-жақсы шабуылшылар жұбын қалыптастырды. Ли әлі де екі жыл бойы 21 жасқа дейінгі негізгі ойыншы ретінде алаңға шыға алады. Сондықтан оның келесі маусымдағы нәтижесіне баса назар аударатын боламыз.  Айбар Нұрыбеков («Атырау»), 4 гол Биыл атыраулықтар бірқатар жас ойыншыларды (А.Маров, Н.Мәдиев) негізгі құрамға тартып көріп, ақыры осы Айбарға тоқтады. Айбар шабуыл өтінде емес, орталық алаңда өнер көрсетеді. Соған қарамастан, ол биыл командаға ІІ айналымнан қосылған А.Щеткинмен бірге «Атыраудың» бас мергені атанды. Нұрыбековтың шешімталдығын, қарсыласпен бетпе-бет алдасудан қашпай­тынын, тәуекелшілдігін мамандар маусым ортасынан-ақ тілге тиек ете бастады. Оның Қазақстан жастар құрамасына шақырылуы, онда жақсы көрініп жүргені де бекер емес. Әрине, осы 4 ойыншы ғана емес, биыл маусым бойы болмаса да, жарқ етіп көрініп қалған ойыншылар қатарына Ж.Қожамбердіні («Тараз»), А.Әйімбетовті («Ақтөбе»), Б.Әбішевті («Тобыл»), А.Тотайды («Жетісу») қосуға болады. Бірақ оларды мойындалды деуге әлі ерте. Ал біраз жылдардан бері мамандар қаламының ұшында жүрген Д.Шомко («Ертіс») және А.Щеткин («Жетісу»/ «Атырау») биыл өздерінің пісіп-жетіле бастағандарын аңғартты. Шомко қапталдағы қорғаушы, жартылай қорғаушы бола жүріп, ел чемпионатында, еурокубокта және ұлттық құрама сапында нәтижелі ойын көрсетті. Ал Щеткин ІІ айналымда «Атыраудың» ғана емес, ұлттық құраманың да негізгі шабуылшысы бола алатынын танытты. Дегенмен мерген футболшы деп соққан голының саны 10-ға да жетпейтін футболшыларды атап отыру ауыр-ақ. 2014 жыл осы олқылықтың орнын толтырар ма екен? 

Автор: Есей Жеңісұлы

Түпнұсқасы: dmk.kz