Кеше Құрлықтық хоккей лигасының жұлдыздар матчына қатысатын үміткерлерге дауыс беру аяқталды. Оның қорытындысы бойынша «Барыстың» шабуылшысы - Брэндон Боченски алғашқы бестікке енді.

Боченски 8 мыңға жуық дауыс жинады. Алайда оның алдында «Барыс» сайтына берген сұхбатында ол ҚХЛ-дың жұлдыздар матчына Талғат Жайлауовтың қатысқаны дұрыс болады деген пікірін жеткізген еді. «Себебі Талғат өте жақсы ойнайды. Сосын біздің командамызда жалғыз ол ғана Қазақстан мен Астананы таныстыра алады. Оны сол матчта көргім келеді», - деген болатын.

Айта кетейік, Құрлықтық хоккей лигасының әрбір чемпионаты аясында жұлдыздар матчы өтеді. Оған үздік хоккейшілер қатысады. Бұл ойында батыс және шығыс конференциясының екі құрама командасы бір-біріне қарсы шығады. Осы жолғы матч 11 қаңтар күні Словакияның Братислава қаласында өтеді, - деп Қазақпарат агенттігі жазады.