Нигерия құрамасының капитаны Джон Оби Микел топтық кезеңнің ақтық ойыны алдында жаман хабар естігенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Ұлттық құраманың капитанына 26 маусым күні өткен Аргентинаға қарсы ойынға бара жатқан тұста туысқаны хабарласып, әкесін белгісіз біреулердің ұрлап кеткені туралы айтып, нөмірін береді.

- Егер мен бұл жайт туралы біреуге тіс жаратын болсам, әкемді сол сәтте-ақ атып тастайтындарын айтты. Сол себепті бұл мәселені өзім шешуді ұйғардым. Оның үстіне алдымызда маңызды ойын күтіп тұрды. Ойыншылар мен бапкерді бұл лас іске араластырғым келген жоқ, - деп ағынан жарылды Оби Микел.

Нигериялық футболшы қылмыскерлерге 24 мың АҚШ долларын беріп әкесін құтқарып алған.

Естеріңізде болса, сол күні Микелдің құрамасы Нигерия Аргентинадан 2:1 есебімен жеңіліп қалған болатын.