Бүгін Астанада бүркітшілердің I Халықаралық фестивалі басталды. Қазақстанның тарихында алғаш рет «Құсбегілік өнердің әлемдік интеграциядағы рөлі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік кеңестің жұмысы ашылды.

Жиынды ашқан ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалды атап көрсеткендей, елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан бүркітшілердің халықаралық фестиваліне әлемнің 12 елінің құсбегілері қатысуда. Олардың ішінде Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Австрия, Чехия, Венгрия, Италия, Словакия және Өзбекстанның саятшылары бар. «Қазақтың сөзімен айтсақ, бұл күн - өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілген күні. Бір кездері үзілуге жақындаған заманнан аман-есен өтіп, қолымыз аузымызға жетіп, Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық дәстүрімізді ұлықтайтын жағдайға да жеттік. Соның бірі - құсбегілік бойынша бүркітшілердің халықаралық фестивалін өткізуге біздің құқығымыз бар деп білеміз. Себебі бұл дәстүр дәл осы жерден бастау алады», - деп атап көрсетті Қ.Сатыбалды.

Айта кетейік, бүгінгі кеңеспен қатар Астанаға жақын орналасқан Қоянды маңындағы «Бал қарағай» демалыс кешенінде бүркітшілердің халықаралық сайысы басталды. Ақтық сындар ертең, қарашаның 30-ы күні өтеді.