Футболдан Еуропа Лигасының 5-ші туры аясында «Шахтер» өз алаңда «ПАОК»-ты қабылдады.
 
«Астана-Аренада» өрбіген кездесу 0:2 есебімен қонақтар пайдасына шешілді. «ПАОК» бірден басымдылыққа ие болып, алғашқы он минуттықта бірнеше қауіпті соққы жасап үлгерді. Қос команда көбінесе орта шепте ойнады. «Шахтер» өз мүмкіндіктерін іске асыра алмай көптеген қателіктер жіберді. Матчтың 17-ші минутында «Шахтердің» қорғаушысы Симчевич оң қапталдан жойқын соққы жасаған, алайда қақпашы ол допты қайтара білді. Арада төрт минут өткенде, Газарян гректердің айып алаңына кіріп, қақпашының шеберлігін бір тексеріп көрді. Сәтсіз... Тағы соққы! Симчевич... Әттең, қақпашы қайтарды. Бірнеше минуттан кейін Каньяс гректерге қарсы қауіпті ойнап, төрешіден сары қағаз алды. «Шахтер» ойыншысы Газарянның соққыларына дәлдік жетіспеуде. «ПАОК»-тың Словакиялық жұлдызы Стох, ойынның 37-минутында әдемі пастан кейін Мокинмен бірге-бір шыққан шабуылшы айласын асыра алмады. Бірінші таймның бітуіне бес минут қалғанда Порываев ойын ережесін бұзып сары қағаз алды. Осылайша, алғашқы таймда есеп ашылмады.
 
Екінші тайм басталды. Лукастың бірінші соққысы қақпадан тыс кетті. Артынша қақпашымен жеке-дара шығып есепті ашпақ болған Финонченкоға дәлдік жетіспеді. «Кеншілер» бірнеше оңтайлы сәттерін қолдан жіберіп алып опық жеді. «Сен соқпасаң, саған соғады» қағидасы ешқашан ескірмейтініне тағы көз жетті. Ойынның 54-ші минутында Лукас алыстан әдемі соққымен есепті ашты - 0:1. Газарянның орнына Лунин алаңға шықты.Тыңнан қосылған жартылай қорғаушы сол қапталдан Хижниченкоға пас беріп еді, шабуылшымыз жетпеді допқа. Гол соғатын ең тамаша сәт те Хижниченкоға бұйырған. Каньястың оң қанаттан «шайнап берген» пасын 91 нөміріміз «жұта алмады». Қақпадан екі метр қашықтықта тұрған Сергей аспанды көздеді. Бас бапкер оны 75-ші минутта алмастырып алаңға Зеньковичті шығарды. Гректер уақытты созуда. «ПАОК» командасының белсеңді ойыншысы Лукас дубль жасауға жақын болды, бірақ соққысы қисық шықты. Қарағандылықтар қарсыластарың қыспаққа алып, қарымта гол қайтармақ еді. Малый өз алаңнан қарсы айып алаңға пас жасады, Финонченко допқа бірінші үлгергенімен, қақпашымен соқтығысты. Ал матчтың қосымша уақытында «Шахтер» қақпасына екінші гол кірді. «ПАОК» қорғаушысы Кициу айып алаңына кіріп үш метр жерден қақпа торын «бүлк» еткізді - 0:2.
 
Еуропа лигасы. «L» тобы. 5-ші тур.

«Шахтер» (Қарағанды) — ПАОК (Салоники, Грекия) – 0:2

Голдар: Лукас, 54, Кициу, 90

Ескертулер: Каньяс 25, Порываев 41 — Лазэр 71

«Шахтер»: Мокин, Порываев (Байжанов 83), Тарасов, Джидич, Малый, Симчевич, Вичюс, Казарян (Лунин 66), Каньяс, Финонченко, Хижниченко (Зенькович 76)

ПАОК: Гликос, Цавеллас, Лино, Циолис, Стох (Вукич 78), Лазэр, Кацуранис, Кициу, Нинис (Салпингидис 83), Лукас (Нецид 90), Атанасиадис

Бас төреші: Серж Гюмьенни (Бельгия)