Футболдан Ресей жерінде өтіп жатқан әлем чемпионаты да орта тұсына жетіп қалды. Биылғы жаһандық доп додасы басталысымен-ақ жанкүйерлер күтпеген нәтижелер мен сенсацияға толы ойындар өтіп жатыр. Мысалы, алғашқы турда жарыс қожайындары Сауд Арабиясы құрамасын ірі есеппен жеңсе, қазіргі әлем чемпиондары Германия Мексикадан жеңілді. Ал биылғы чемпионатта топ жаруы мүмкін деп болжанған әлемнің бес дүркін чемпиондары Бразилия құрамасы алғашқы турда Швейцария футболшыларымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Сондай-ақ Месси секілді үздік ойыншысы бар Аргентина бірінші турда Исландиямен әрең тең ойнаса, күні кеше екінші турда Хорватия футболшыларынан 0:3 есебімен ойсырай жеңілді.