Елордалық «Барыс» хоккей клубы өз алаңында мәскеулік «ЦСКА» командасынан ұтылып қалды.

Бұған дейін Мәскеу қаласында өткен ойында «Барыс» бұл командаға 0:3 есебімен жол берген болатын. Ал осы жолы Астана қаласының хоккей клубы 2:5 болып ұтылды. Ойынның бірінші кезеңінде қарсыластар екі бірдей шайбамен алға шықты. Алайда "Барыс" екінші кезеңде есеп айырмасын бір шайбаға қысқарта білді. Үшінші кезеңнің басында «ЦСКА» таразы басын 1:3-ке жеткізді. Соған қарамастан, «Барыстың» хоккейшілері мойымады. Үш минуттың ішінде есеп өзгерді: 2:3. Дегенмен, «ЦСКА»-ның төртінші шайбасы жанкүйерлердің үмітін су сепкендей басты. Матчтың соңында «Барыстың» бас бапкері Ари-Пекка Селин қақпашыны алып тастап, алтыншы ойыншыны да шығарып көрді. Бірақ команда қорғанысы сыр беріп, бос тұрған қақпаға бесінші шайба кіріп кетті. Қорытынды есеп - 2:5. «Біз екі әдемі гол соқтық. Алайда біздің негізгі мақсатымыз - тығыз қорғанысты ұстай білу. Оны іске асыра алмадық. Келесі кездесуде осы олқылықты болдырмауға тырысамыз», - дейді Ари-Пекка Селин.

Айта кетейік, өз алаңында «Барыс» екінші рет ұтылып, бес ұпайдан айырылып отыр. Дегенмен, қазіргі 59 ұпаймен команда Құрлықтық хоккей лигасының Шығыс конференциясында екінші орынды, ал жалпытурнирлік кестеде төртінші орынды сақтап келеді.