Дүниежүзілік бокс сериясының финалында «Астана арландары» мен «Куба батырлары» жолығады. Осы орайда Қазақстан Ұлттық құрамасының боксшысы, қажет болған жағдайда «Арландарға» көмек қолып созып жүрген Абылайхан Жүсіповпен сұқбат құрған болатынбыз.

- Қазір Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. 16 маусым күні басталған дайындық жұмыстары айдың соңына дейін жалғасады. Жылда осы мезгілде Ұлттық құрамамен тұрақты оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрміз.

- Сұқбатымызды осы жуырда ғана өткен ҚР Президенті Кубогы жарысы жайында бастасақ.

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Өз басыма турнир ұнады. Үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде жеңіске жеттім. Өкінішке қарай, соңғы кездесуімде қабағымды жарып алғанның кесірінен жарысты ары қарай жалғастыра алмадым. Жарақатым ауыр емес, жазылып қалды. Турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен мықты боксшылар келген. Бәсекелестік жоғары болды. Жарыста біраз тәжірибе жинадық деп айтуға болады.

- WSB суперсериясының жартылай финалдық кездесуінде қосымша жекпе-жекке іліндің. Дегенмен сол кеште шаршы алаңға шығудың қажеттілігі туындаған жоқ. Жалпы, британиялық боксшылар қаншалықты қарсылық көрсетті? Бұл кездесуге дайындық қалай өтті?

- Британдық боксшылардың жақсы дайындалғаны жекпе-жек барысында көрініп тұрды. Жарты финал алдында алдымен Астана қаласында, артынша кездесу өткен Атырауда жаттығу жиынын өткіздік. Жергілікті ауа-райына үйренісу үшін ерте келдік. Дайындық барысында ешқандай қиындықтар болған жоқ. Бар жағдайымыз жасалды.

Кездесу жоғары деңгейде өтті. Мен ол күні шаршы алаңға шыққан жоқпын. Қажет болған жағдайда рингке шығып, өзімді жақсы қырымнан көрсетер едім деп ойлаймын. Болашақта «Астана арландарының» сапында өнер көрсетуге мүмкіндік туып жатса қуана-қуана келісер едім.