Он тоғыз рет «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанған бразилиялық теннисші Мария Буэно 78 жасқа қараған шағында Сан-Паулуда қайтыс болды, деп хабарлайды Globo телеарнасы.

Осыдан екі күн бұрын ол жергілікті ауруханаға жатқызылған.

Қатерлі ісік дертіне шалдыққан Буэно 2017 жылдан бері үнемі дәрігерлердің бақылауында болған еді.

Ол «Үлкен дулыға» турнирінде 19 рет жеңген. Буэно жеке де, жұптық та және аралас бәсекеде де қарсылас шыдатпаған теннисші.

Жеке жарыста бразилиялық Уимблдонда үш рет (1959, 1960, 1964) және АҚШ-тың ашық чемпионатында төрт рет (1959, 1963, 1964, 1966) жеңімпаз атанды. 1960 жылы Францияның ашық чемпионатында аралас бәсекеде де жеңіске жетті.

Буэно жұптық бәсекеде «Үлкен дулыға» турнирінде 11 рет жасындай жарқылдады. Бір рет - Австралияның ашық чемпионатында (1960), бір рет - Францияның ашық чемпионатында (1960), бес рет - Уимблдонда (1958, 1960, 1963, 1965, 1966) төрт рет - АҚШ-тың ашық чемпионатында (1960, 1962, 1966, 1968) ешкімді шақ келтірмеді.

Ал, 1960 жылы ол бір жылдың ішінде «Үлкен дулығаның» жұптық бәсекесінде төрт турнирде топ жарды.