Испания құрамасының ойыншылары футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жететін болса әрқайсысы 825 мың еуродан сыйақы алады. Бұл туралы Marca-ға сілтеме жасап, ҚазАқпарат жазды.

Егер команда ширек финалға шыға алмай қалса, сыйлықақыдан қағылады.

Бұдан бұрын БАҚ Бразилия құрамасына әлемдік біріншілікте жеңіске жетер болса 1 миллион еуродан берілетіндігін хабарлаған болатын.

Еске сала кетсек,2010 жылғы әлем чемпионатында алтын еншілеген испандықтар 600 мың еуродан алған. Ал 2014 жылы 720 мыңнан алуы тиіс еді. Бірақ команда топтан шыға алмады.

Биылғы әлем чемпионатының матчтары 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтеді.

Испаниялықтар В тобында Португалиямен (15 маусым, Сочи), Иранмен (20 маусым, Қазан) және Мароккомен (25 маусым, Калининград) кездеседі.