Бүгін, 7 маусымда Жапонияның Гифу қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты басталады. Кеше осы жарысқа қатысу үшін Қазақстанның делегациясы Күншығыс еліне аттанып кетті.

Азия чемпионаты 7-10 маусым аралығында өтеді. Жасөспірімдер арасындағы (U-20) құрлық біріншілігі осымен 18-рет ұйымдастырылып отыр.

Қазақстан намысын Жапонияда 20 спортшы қорғайды (6 ұл, 14 қыз). Атап өтсек:Азамат Құлдас (800 м), Вадим Левченков (5 000 және 10 000 м), Давид Ефремов, Данила Корр (екеуі де – 110 м т/а), Әділ Рамет, Иван Товченик (екеуі де – онсайысы), Юлия Ткаченко (100 и 200 м), Юлиана Осипова (100 и 200 м), Александра Залюбовская (400 м және 4х400 метрлік эстафета), Екатерина Ефремова (400 м және 4х400 метрлік эстафета), Екатерина Парамонова (800 м және 4х400 метрлік эстафета), Анель Шулакова (100 м т/а), Вероника Брославская (400 м және 4х400 метрлік эстафета), Светлана Саунина (3 000 м к/а), Екатерина Шлыкова (10 000 метрге спорттық жүріс), Елизавета Матвеева (биіктікке секіру), Анастасия Ермакова (сырықпен секіру), Анастасия Заводина (ұзындыққа секіру), Диана Гейнц пен Сарифа Рзакулиева (екеуі де – жетісайыс).

Азия жеңіл атлетика қауымдастығының ұсынған мәліметі бойынша Гифуде жалпы саны 437 атлет өнер көрсетеді екен. Олар 35 елдің намысын қорғайды. Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 44 медаль жиынтығы сарапқа салынады.