7 маусым күні Орталық коммуникациялар қызметінде футболдан Әлем чемпионатына орай баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы «Qazsport» телеарнасының баспасөз-қызметі жазды.

Шараға «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин қатысты.

«Әлемдік деңгейдегі маңызы зор беделді футбол чемпионатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көрсететін болады. Бұл біз үшін де, футболсүйер қауым үшін де өте маңызды да, қуанышты оқиға. Біздің көрермендер дүниежүзі доп додасының барлық 64 матчын толығымен көре алатын болады. Сондай-ақ, осы әлем чемпионаты аясында бірнеше арнайы жобалар көрсетуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, 14 маусымнан бастап, 15 шілдеге дейін «Ресейдегі футбол тойы» атты ақпараттық-сараптамалық бағдарлама әр ойынның алдында шығатын болады. Бұл бағдарламада алдағы ойындардың ерекшеліктері талданатын болады. Сонымен қатар, өткен матчтарға байланысты күн сайын және апталық шолулар жасалатын болады. Қазіргі сәтте «Әлем чемпионатының тарихы» атты ақпараттық-танымдық хабар эфирде жүріп жатыр. Бұл хабарда 1930-2014 жылдар арасындағы футбол бойынша әлем чемпионатының қысқаша тарихы мен қызықты оқиғалар жайлы деректер қамтылған», - деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, 14 маусым - 15 шілде аралығында Ресейде ФИФА-2018 футболдан әлем біріншілігі өтетін болады. ФИФА-ның 21-ші Әлем чемпионаты Ресей Федерациясының: Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Мәскеу, Нижний Новгород, Ростов, Самара, Санкт-Петербург, Саранск және Сочи қалаларында өтеді.