Алдағы сенбінің кешінде Украина астанасы Киевте «Реал» мен ағылшынның «Ливерпулі» кездеседі. Қатарынан екі мәрте топ жарған корольдік клуб сол жетістіктерін қайталаудан дәмелі. «Реал» биылғы маусымда ел кубогы мен Испан біріншілігінде сәтсіз өнер көрсетті. Енді Еуропаның басты додасын ұтып алып, жылды жақсы көңіл күймен аяқтауды көздейді.

Зинедин Зидан, «Реалдың» бас бапкері: – Қатарынан үшінші мәрте финалда ойнаймыз. Сондықтан көпшілік бізді жүлдеден жалықты деп ойлап жүр. Қарсы команданың жеңіске деген ұмтылысы бізді басып кететінін айтады. Алайда финалда ешкім жеңілу үшін алаңға шықпайды. Біздің тәжірибеміз де маңызды емес. Себебі бір кездесуде екі команданың да мүмкіндігі бірдей болады. Біз «Ливерпулдің» қарымын жақсы білеміз. Кубокты үшінші мәрте ұтып алу жоспарымызда тұр.