Астана қаласындағы Қазмедиа орталығының 5-ші студиясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен брифинг өтті.

Шараға «QAZSPORT» телеарнасының директоры Павел Цыбулин, аталмыш жобаның бас продюсері Гаухар Иманқұлова қатысты. Сондай-ақ, танымал қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов осы шараның арнайы қонағы болды.

Шарада спикерлер «QAZSPORT» және «Qazaqstan» арналарында жүзеге асатын «Qazaqstan FIGHTER» атты жаңа спорттық реалити-шоумен таныстырып өтті.

Павел Цыбулиннің айтуынша: ««Qazaqstan FIGHTER» жобасы Қазақстан спортындағы жаңа есімдерді ашуға бағытталған. Еліміздің әр өңірінде тұратын жас спортшыларымыздың халық алдында өз шеберліктерін көрсету үшін бұл үлкен мүмкіндік болып тұр. Бізде талантты жастар көп, сондықтан өз тарапымыздан оларға қолдау көрсетуіміз керек. Бүгін бізге арнайы осында әлем чемпионы, белгілі боксшы Бейбіт Шүменов келіп отыр. Ол осы жобаның әділқазылар мүшесінің бірі болады.

«Qazaqstan FIGHTER» – көп бөлімді телевизиялық реалити-шоу. Бұл жобада жас спортшылар «Аралас жекпе-жектен Қазақстанның ең мықты спортшысы» атағы үшін сынға түсетін болады. Жобаның әділқазылар құрамына: Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбраимов, Ардақ Назаров, Юрий Мельниченко, Бейбіт Шүменов, Данияр Қасқарауов, Сағындық Мекеев секілді танымал спортшылар, олимпиада чемпиондары, түрлі спорт ұйымдарының жетекшілері кіретін болады.

Жобаның мақсаты – спорт пен бәсекелестік рухты, салауатты өмір салтын дамытумен қатар, MMA кәсіби спорт түрін кеңінен насихаттау. Еліміздегі жаңа таланттардың есімдерін анықтап, отандастарымыздың спортта жеткен жетістіктері арқылы патриоттық сезімді дамыту.

«Жоба барысында олардың армандары, тағдыры, мінез-құлқы толығымен ашылады. Олардың өмір жолымен етене танысқан көрермен кейіпкермен бірге қуанып, мазасызданып, бәйге ішіне енгендей күй кешеді. Келесі аптада олардың қайсысы сынға түсетіні және кіммен шайқасатыны жеребе тастау арқылы анықталады. Эпизодтардың басым бөлігі жекпе-жекке арналған. Жеңіліс тапқан қатысушы жарыстан шығады. Финалда 16 қатысушының ішінен тек біреуі ғана «Qazaqstan FIGHTER» жобасының жеңімпазы болады», деді жобаның бас продюсері Гаухар Иманқұлова.

Сондай-ақ, жоба аясында қатысушылар кәсіби спортшылар мен ММА шеберлерінен мастер-класс алатын болады.

«Qazaqstan FIGHTER» жобасы күз айында «QAZSPORT» және «Qazaqstan» телеарналарынан көрерменге жол тартады.