«Астана» футбол клубының Вконтакте желісіндегі ресми парақшасында жанкүйерлер «Ақтөбеге» қарсы кездесудің үздік ойыншысын дауыс беру арқылы анықтады.

Аталмыш кездесуде Григорий Бабаян шәкірттері 3:1 есебімен жеңіске жетті. Осы кездесуде нәтижелі пас беріп, еншісіне тағы бір гол жазған Марин Томасов жанкүйерлер тарапынан 43,5% дауыс жинап, үздік атанды.

Екінші орында Дмитрий Шомко. Елордалық команда капитаны да бұл кездесуде нәтижелі пас беріп, жеңіс голын соқты. Оны қолдаушылар көрсеткіші 25,6%.

Үздік үштікті Патрик Твумаси қорытындылады. Ганалық шабуылшы нәтижелі әрекетімен көзге түспесе де, ойын барысында қарсылас команда айып алаңында өте үлкен қауіп төндірумен болды.

Дауыс беру бойынша үздік бестік: 1.Марин Томасов 43,5% 2.Дмитрий Шомко 25,6% 3. Патрик Твумаси 11,2% 4.Абзал Бейсебеков 6,1% 5.Джордже Деспотович 5,1% Сауалнамаға 2 536 адам қатысты.