Бүгін Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы сырт алаңда «Динамо» (Латвия, Рига) командасымен кездеседі.

Айта кетер жайт, бұл - «Барыстың» екі апталық демалыстан кейінгі бірінші ойыны. Оған дейін екі команда да 23 матчтан өткізді. «Динамо» командасы 15 ойында жеңіске жетсе, «Барыстың» хоккейшілері 18 мәрте өз қарсыластарынан басым түсті. Жалпы турнирлік кестеде Рига қаласының хоккей клубы алтыншы орында орналасқан. Ал «Барыс» үшінші орында келеді.

Естереңізге сала кетсек, бүгінгі матчта Астана қаласының хоккей клубының сапында жаңа ойыншы, қорғаушы Кэм Баркер өнер көрсетпек. Ол «Чикаго Блэкхоукс», «Миннесота Вайлд», «Эдмонтон Ойлерс» және «Ванкувер Кэнакс» сынды командаларда ойнаған. Ұлттық хоккей лигасында ол жалпы саны 310 матч өткізіп, 96 ұпай жинаған.

Ойын Астана уақыты бойынша түнгі сағат 23:30-да басталады. Кездесуді «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирден таратады.