Баскетболдан Мюнхен Олимпиадасының жеңімпазы (1972 жыл), Монреаль Олимпиадасының қола жүлдегері (1976), яғни қатарынан екі Олимпиада ойындарында олжа салған тұңғыш қазақ саңлағы Әлжан Жармұхамедов Алматыға келді. Қазақтың бағына туған спортшының таланты өзге елде еріксіз мойындалғанымен елімізде өз бағасын ала алмай жүр. Кеңес Одағының «Құрмет Белгісі», Ресейдің «Почет» орденімен марапатталған даңқты спортшымызға елімізде «Халық қаһарманы» атағы берілмегені былай тұрсын, тіпті осы күнге дейін еліміздің ең үлкен қаласынан Әлжандай ардағымызға бір баспана бұйырмай келеді. Ал Әлжан ағамыз Ресей астанасы – Мәскеуде тұрып жатқанымен елге келсем, деген арманынан үміт үзген емес. ХХ ғасырдың ең атақты қазақ спортышысымен әңгімелсу бізге де бұйырған еді.

- Әлжан аға, Алматыға қош келдіңіз! Әңгімені сол сонау 1972 жылдағы Олимпиададан бастасақ. КСРО мен АҚШ құрамалары арасындағы аңызға айналған ақтық финалдың соңғы минуттарын жиі есіңізге аласыз ба?

- Ондайды ұмыту мүмкін емес. Матчтың аяқталуына үш секунд қалғанда біз америкалықтардан 49:50 есебімен жеңіліп жаттық. Жаттықтырушы мені Иван Едешкомен алмастырды, ол барлық алаң үстімен асыра отырып Саша Беловқа пас берді. Ал, Саша болса санаулы секундтарда допты қақпаға салып үлгерді, сол-ақ екен бірден финалдық дабыл қағылды. АҚШ құрамасы матч қорытындысына байланысты наразылық білдірді. Біз ойын нәтижесін шешінетін бөлмеде таңғы алтыға дейін күткен едік. Ал келесі күні түске таман КСРО құрамасының Олимпиада чемпионы атанғанын білдік. Бұл тарихтағы тұңғыш жеңіс болатын.