Футболдан Қазақстан Кубогы үшін өрбіген финалдық матчта қарағандылық «Шахтер» мен «Тараз» кездесті. «Астана-Аренада» өткен матч 1:0 есебімен кеншілердің пайдасына шешілді.

Елорда төрінде ойнап үйреніп қалған «Шахтер» өзін еркін сезінді. Алғашқы таймда қос ұжым белсенді көрінді. Кеншілер шабуылына жиі жауап қайтарған «Тараз» Еурододаларда бақ сынап жүрген қарсыласынан еш сескенбеді. Керісінше есепті ашуға тырысқан жабылдықтар минут сайын шабуылын үдете түсті. Бірақ сауатты қорғана білген «Шахтер» олардың ойын іске асыртпады.Екінші кезеңде іске білек сыбана кіріскен «Шахтера» алға ұмтылды. 53-ші минутта кеншілер есепті ашты. Александр Симчевичтің соққысын Сергей Хижниченко қақпаға бағыттап Рамиль Нұрмұхаметовты қапы қалдырып кетті. Артынша қос тарап шабуыл алмасқанмен жанкүйерлер соғылған голдың куәсі бола алмады.Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақтық айқасты тамашалауға арнайы келгенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ УЕФА президенті Мишель Платини де «Шахтер» мен «Тараз» ойынын көруге келді.Қазақстан Кубогын ұтқан «Шахтер» келер жылы Еуропа лигасында өнер көрсету құқына ие болды. Сонымен қатар, «Ақтөбе», «Астана» мен алматылық «Қайрат» алдағы жылы Еурододаларда ел намысын ортаға салатынын айта кетейік.Футбол. Қазақстан Кубогы. Финал:«Шахтер» (Қарағанды) – «Тараз» (Тараз) - 1:0