GGG-дің промоутері Том Леффлер келесі қарсыласқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Boxingscene.com сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жапондық Риота Муратаға қарсы жекпе-жекті Токио қаласында өткізсе, біраз адам жиналар еді. Себебі 32 жастағы Мурата (14-1, 11 КО) өз елінде кеңінен танымал. Оған қоса, «Олимпиада чемпионы» деген атағы бар. Сондықтан 55 мың орны бар «Tokyo Dome» аренасын оп-оңай толтыруға болады.

«Мурата өз еңбегінің арқасында біраз жетістіктерге жетті. Жапонияда оның қатысуымен болатын шаралар үлкен аншлагпен өтеді. Телерейтингтері де жоғары. Оған қоса, Риота Мурата - WBA бойынша біздің міндетті үміткеріміз. Бұл үлкен жекпе-жек болатын еді. Геннадийдің өзі айтты ғой, «Канелоға» қарсы рематч ең үлкен жекпе-жек болып саналады. Алайда бүгінде орта салмақтың жігітттері ашылған сияқты. Барлығы GGG-ге қарсы шығуды қалайды. Бұрын олар қашып жүретін», - деді Т.Леффлер.

Айта кетейік, соңғы жекпе-жекте Геннадий Головкин америкалық Ванес Мартиросянды нокаутпен жеңіп, өз титулдарын 20-шы рет қорғап шықты. Олар жағынан GGG танымал Бернард Хопкинспен теңесті. Дәл осы жекпе-жектен кейін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Геннадий Головкинді украиндық Сергей Деревянченкоға қарсы шығуға міндеттеп отыр. Соның салдарынан биыл Альвареске қарсы рематч өтпей қалуы әбден мүмкін. GGG-дің командасы аталған міндеттемені кейінге шегеруді сұрады.