Қазақстанның бірінші, әлемнің 96-ракеткасы Михаил Кукушкин Мадрид турнирінің екінші айналымына өтті. Бұл туралы 24.kz жазды.

Ол алғашқы айналымда әлемнің 73-ракеткасы испаниялық Роберто Карбальес Баэнамен күш сынасты. Бірінші кезеңде-ақ ойын тізгінін қолына алған қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:3 есебімен басым түсті. Екінші кезеңде М.Кукушкин 3:0 есебімен алға шыққанымен, испаниялық теннисші де қарап қалмай, брейк жасады. Дегенмен Михаил үшінші брейк жасап, есепті 5:1-ге жеткізді. Бұдан кейін қарсыласы бір гейм алғанымен, қазақстандық теннисші өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Есеп – 6:2. Кездесу 1 сағат 8 минутқа созылды.

Жүлде қоры 7,4 млн АҚШ долларынан асатын Мадрид турнирінің екінші айналымында Михаил Кукушкин әлемнің 8-ракеткасы оңтүстікафрикалық Кевин Андерсонмен кездеседі.