Испания чемпионатының 36-турындағы «Барселона» мен «Реал Мадрид» матчы оқиғаға бай болды.

Матч есебін 10-минутта Луис Суарес ашқан. Араға төрт минут салып, Криштиану Роналду таразы басын теңестіріп тастады. Артынша, Роналду тағы бір-екі мүмкіндікті голға айналдыра алмады.

Матчта футболшылар жиі жанжалдасқан, соның салдарынан төреші бірінші тайм-ақ бес ойыншыға сары қағаз көрсетті. Ал командалар үзіліске кетер тұста Серхио Роберто Марселоға қарсы дөрекі қимылы үшін алаңнан қуылды. Каталониялық жанкүйерлер бұл тұста төреші қате шешім қабылдады деген ойда болды.

Екінші тайм Лионель Мессидің голымен басталды. Бірақ бұл сәтте де төреші өрескел қате жіберді. Себебі бұған дейін Суарес «Реал» қорғаушысы Рафаэль Варанға қарсы ойын тәртібін бұзған.

Матчтың 72-минутында мадридтік ұжымның әдемі комбинациясы Гарет Бэйлдің голымен аяқталды. Бұл матчта соғылған соңғы гол болатын. Қорытынды есеп – 2:2.

Осылайша, 8 ойыншы сары қағаз алып, бір футболшы алаңнан қуылған, бас төреші бірнеше қате жіберген матч тең есеппен аяқталды.