Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Зарина Дияс Мадрид турнирінде бақ сынайды. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Зарина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 69-ыншы сатыда тұрған Пуэрто-Рико елінің өкілі Моника Пуигпен кездеседі. Пуиг оңай шағылатын жаңғақ емес, 2014 жылы Страсбург турнирінде жеңімпаз атанған ол Рио Олимпиадасында да озық шықты. Зарина екеуі де биыл 25-ке толады. Жас кездерінде ерекше көрініп, бұдан бұрын да кортта жолдары түйіскен қарсыластар.

Егер Дияс Пуигті ұтса, екінші айналымда әлемнің 10-шы ракеткасы, чехиялық Петра Квитова немесе рейтингте 38-інші орында тұрған украиналық Леся Цуренконың бірімен кездеседі.

Жүлде қоры 7,4 млн АҚШ долларынан асатын Мадрид турнирі 13 мамырда мәреге жетеді. Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтуде.

Бұл дода «Үлкен дулыға» турнирінің бірі Ролан Гаррос жарысы алдындағы ең маңызды сынақ болып саналады.