Жастар арасындағы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Айдар Қазов АйнаLine сайтына берген сұхбатында өзінің допинг пайдаланбағанын хабарлады.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг қолданған спортшылардың тізімін жариялаған еді. Олардың арасында 9 қазақстандық зілтемірші бар. Қазақстан ауыр атлетика құрамасының аға кеңесшісі болашағынан үміт күткен Айдар Қазовтың есімі де аталған. Осыған байланысты АйнаLine сайтының тілшісі зілтеміршіге хабарласқан еді.

«Бішкектегі жарыстың алдында екі рет тексеруден өткізді. Екеуінің нәтижесі де таза екенімді көрсеткен. Кейіннен барып допинг қолдандың деп айып тақты. Екі жыл жарысқа қатыса алмаймын. Бірақ мен ешқашан допинг пайдаланған емеспін», – дейді Айдар Қазов.

Қазовтан бөлек Азия чемпионатының жеңімпаздары Александра Аборнева мен Александр Зайчиков, қола медаль иесі Евгений Ефстафеев енді 2015 жылға дейін жарыстарға қатыса алмайды. Жастар арасындағы Азия біріншілігінің чемпиондары Ерболат Жоламанов, Максим Локтинов, Әсем Сәрсекенова, Ғалымбек Жұбатқанов және күміс медаль алған Майра Файзоллаева да халықаралық жарыстардан екі жылға шеттетілді.