«Астана» футбол клубының Вконтакте желісіндегі ресми парақшасында жанкүйерлер команданың сәуір айындағы үздік ойыншысын дауыс беру арқылы анықтады.

Команда көктемнің екінші айында алты ойын өткізіп, соның төртеуінде жеңіске жетіп («Ертіс», «Ордабасы», «Қызыл-Жар СҚ» және «Тобыл»), біреуінде тең түсіп («Қайрат»), біреуінде жеңіліп қалды («Мақтарал»). Айта кетейік, Атакент қалашығында өткен кубок жолындағы кездесуде алаңға дубль құрамы шыққан болатын.

Сонымен дауыс беруге сәуір айында ең көп алаңға шыққан 10 ойыншы қатысты.

Сауалнама қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған Марин Томасов үздік атанды. Хорват ойыншысы сәуір айында «Ертіс» қақпасына бір гол соғып, 5 нәтижелі пас берген. Еске сала кетейік, жанкүйерлер осыған дейін ақпан және наурыз айларында да Томасовты үздік таныған еді. Осылайша, Марин үшінші ай қатарынан үздік ойыншы атағына ие болып отыр.

Екінші орында Бактиер Зайнутдинов. 20 жастағы жартылай қорғаушы осы айда «Ертіс» қақпасына хет-трик жасап, алматылық «Қайратқа» қарсы кездесуде гол соғып, ҚПЛ-ның сұрмергендер тізімінде алғашқы орынға шыққан еді. Тек соңғы турда командалық әріптесі Патрик Твумасиді алдына шығарып алды.

Үздік үштікті «Тобыл» және «Қызыл-Жар СҚ» командалары қақпаларына 3 гол соққан ганалық шабуылшы Патрик Твумаси қорытындылады.

Үздік бестік:

1.Марин Томасов 33,3%

2. Бактиер Зайнутдинов 26,2%

3.Патрик Твумаси 19,9%

4.Ненад Эрич 7,5%

5.Абзал Бейсебеков 4,1%

Дауыс беруге 2 159 адам қатысты.