Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Зарина Дияс Рабат (Марокко) турнирінің алғашқы айналымында италиялық Сара Эрранимен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Эррани дүниежүзілік рейтингте 89-ыншы орында тұрғанымен, аса тәжірибелі теннисші. Сондықтан оның осал қарсылас еместігі анық-ты.

Бірінші партияда Зарина брейк жасап, 3:1 есебімен алға шыққанымен, басымдылықты пайдалана алмады. Көп ұзамай С.Эррани ойын тізгінін қолға алып, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партия да тартысты болып, алдымен С.Эррани алға шығып, кейін қазақстандық теннисші таразы басын теңестіре алды. Әйтсе де есеп 3:3 болып тұрған мезетте италиялық теннисші қайта брейк жасады. Сөйтіп бұл жолы да ол 6:4 есебімен басым түсті. Кездесу 1 сағат 40 минутқа созылды.

Осылайша Рабат турнирі З.Дияс үшін де сәтсіз болды.