Қарағанды қаласының «Сарыарқа» хоккей клубы өз алаңында «Сокол» (Ресей, Красноярск) командасын жеңді.

Ойынның бірінші кезеңінде «Сарыарқа» бір шайбаны жіберіп қойды. Алайда екінші кезеңнің басында қарсыластың қақпасына төрт бірдей шайбаны соғып кетті. Оның барлығы төрт минутта, нақты айтсақ, 3 минут 44 секундтың ішінде іске асты. «Сарыарқаның» хоккейшілері үш шайбаны тең құрамда жүріп салса, біреуін бір ойыншыға артық ойнап соқты. Айта кетейік, Қарағанды хоккей клубына жаңа бапкер келгелі бері «Сарыарқа» осымен екінші рет жеңіске жетіп отыр. Бұған дейін команда «Ермакты» 2:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

Чемпионаттың басында болған сәтсіз ойындарға қарамастан, «Сарыарқа» бірте-бірте фовориттердің қатарына жақындап келеді. Соңғы матчтан кейін команда 29 ұпаймен жалпытурнирлік кестеде 9-шы орынға көтерілді. Ал лиганың көш басында тұрған клубтарда 36 ұпай бар.