4 мамырда Иерусалимде велоспорт әлемінде болатын ең маңызды оқиғалардың бірі басталады – Джиро д’Италия көпкүндігі. 101 жылдық тарихы бар жарыс алғаш рет Еуропадан жырақта, Иерусалимде басталады. 3 апта ішінде велошабандоздар мыңдаған шақырымды басып өтіп, жеңімпаз 27 мамырда Римде анықталады. Еліміздің намысын бұл жарыста әдеттегідей Astana Pro Team қорғайды.

Үлкен өзгеріске ұшыраған соң былтырғы маусымды шабандоздар үшін сәтті өтті деуге келмес. Бірақ олар психологиялық тұрғыда айығып үлгерді. Ал командаға келген жаңа ойыншылар маусымның басты додаларына дайын. Бұған жақында ғана өткен жарыстар дәлел: соңғы Джиро дель Трентинода «Астана» бес кезеңнің үшеуін ұтып, жарыс қорытындысы бойынша «Үздік команда» атанды. Бұл жарыс Джиро д’Италия алдындағы дайындық ретінде есептеледі, сондықтан біздің командадан мамырда табыс күтуге болады.