Қазақстандық жанкүйерлер Жерар «Гол» атап кеткен ивуарлық шабуылшы қазіргі таңда Қытай біріншілігінде өнер көрсетіп жүр. Үш жыл қатарынан Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені болған «қара маржан» Prosports.kz сайтының тілшісіне берген сұқбатында ағынан жарылып, Қазақстанды сағынатынын айтып, мүмкіндік болса міндетті түрде оралуға уәде берді.

«Гоу бар жерде, гол бар» дейтін қазақ жанкүйерлері. Бұған да өзіндік себеп бар. «Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы үш жарым жылда өткізген жүзден арта ойынында қарсыласының қақпасын 80 мәрте дәл көздеген. Гоу әлі де болсын бабында. «Бэйцзин Энтерпрайзес» командасында 2 матчқа қатысып, екі гол соқты.

- Қал-жағдайыңыз қалай, Жерар? Қытайға бейімделіп алдыңыз ба?

- Иә, бәрі тамаша. Мен бірінші кезекте футболшымын. Шетелге жиі шығып тұрамын. Оның үстіне өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Сол себепті бәрі жақсы болуына тырысамын.