«Реал» футбол клубының жартылай қорғаушысы Криштиану Роналду алдағы уақытта болатын ФИФА ұйымдастыратын әр түрлі марапаттаулар мен салтанатты кештерге қатысудан бас тартуы мүмкін.

Ойыннан от шығады демекші, ФИФА президенті Йозеф Блаттер мен Роналду арасындағы кикілжіңдердің арты осындай болды. Роналду мен Мессиді бұған дейін де талай адамдар салыстырған, бірақ Блаттер мырзаның ащы сөзі мен мазағы Роналдуның шамына тиіп кетсе керек. Онымен қоймай ФИФА басшысы әжуалы сөзін қимылмен әрлей түскен көрінеді.

Мадрид командасы Блаттерден бұл пантомимосының мәнін түсіндіруді талап етті. Ал Роналду  өзінің фейсбугтегі парақшасында бұл мәлімдемеге жауап ретінде ФИФА-ның қартайып қалған басшысына денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Блаттер кешірім сұрағанымен, Роналду алда келе жатқан «Алтын доптың» марапаттау рәсіміне қатыспауы мүмкін. Футболшы өзін-өзі тізімнен сызып отыр.