Қазақстанның тұңғыш кәсіби жеңіл атлетика клубының үш спортшысы 12 мамырда Қытайдың Шанхай қаласында өтетін «Гауһар лигаға» шақырту алып отыр, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты.

Олардың арасында команда капитаны, қазақстандық Ольга Рыпакова да бар. Бірақ Олмпада чемпионының қатысу-қатыспауы белгісіз. Өйткені спортшы әлі толық бабына келмеген.

Ал өзге атлеттерден кениялық желаяқтар Норе Джируто мен Дейзи Джепкимей 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден қатысады.

Шанхай – «Гауһар лиганың» екінші кезеңін қабылдайды. Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру мен 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру осы кезеңде алғаш рет қосылады.

Айта кетейік, «Гауһар лигаға» биылғы маусымда Altay athletics клубынан тағы бір кениялық желаяқ Каролин Кипкируи өнер көрсетеді. Ол 5000 метрге жүгіруге бейімделген. Каролин 25-26 мамырда АҚШ-тың Юджин қаласында өтетін кезеңге қатысады.

Былтырғы маусымда Ольга Рыпакова финалда үш қарғып секіруден жеңіске жеткен. Каролин Кипкируи 5000 метрге жүгіруден екінші орын алды. Нора Джируто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден қола жүлдеге болған.