УЕФА президенті Мишель Платини футболдан Әлем чемпионатына қатысатын командалардың санын 40-қа жеткізу кақжеттігін айтты, деп хабарлайды Еуроспорт. 

Естеріңізге сала кетейік, жуырда ФИФА президенті Зепп Блаттер Азия мен Африканың Мундиальдағы командалар саны аз екенін тілге тиек еткен болатын. Оның ойынша, еуропалық құрамалардың есебінен аталған екі аймақтың командалар санын көбейтуге болар еді. Бұған қатысты Еуропа футболының басшысы М. Платини өз пікірін білдірді.

«Блаттерді бұл мәселеде қолдаймын. Бірақ оған Еуропа өкілдерінің санын қысқарту арқылы қол жеткізу қажет деп есептемеймін. Қатысушылар санын бүгінгі 32-ден 40-қа жеткізуге болады. Мұндай жағдайда біз Африкадан екі, Азиядан екі, Америкадан екі, Мұхит аралдары мен Еуропадан бір-бірден команда қоса аламыз», – деді М. Платини.

Сонымен қатар УЕФА президентінің пікірінше, қатысушылар санын 40-қа жеткізгенімен Әлем чемпионатының өзі бүгінгі форматынан тек 3 күнге ғана ұзарады.