Англия Премьер лигасының 34-ші туры аясында өз алаңында «Вест Бромвичті» қабылдаған «Манчестер Юнайтед» күтпеген жерден жеңіліп қалды, деп жазады prosports.kz сайты.Бұл жеңіліс «қызыл сойқандарды» турнирлік кестедегі екінші сатыдан жылжыта алмағанымен, басты бәскелесі «Манчестер Ситидің» чемпионат аяқталмай жатып чемпион атануына себеп болды. «Манчестер Юнайтед» осы жеңілісінен кейін Гвардиоланың командасынан 16 ұпай қалып кетті. Ал чемпионаттың аяқталуына бар болғаны 5 тур ғана қалды. Демек, қалған бес ойында қандай нәтиже тіркелсе де чемпиондық атақты «қалалықтардың» қолынан ешкім тартып ала алмайды.

Осылайша, Англия Премьер лигасының аяқталуына 5 тур қалғанда «Манчестер Сити» мерзімінен бұрын чемпион атанды.Айта кетейік, бүгінгі ойын 34-ші тур аясында өткенімен, манчестерлік қос команданың кейінге шегерілген бір ойындары бар. Сондықтан, екі команда да әлі бес матчтан өткізеді.