Павлодар облысы футбол федерациясы қауымдастығының президенті лауазымына аймақ басшысының бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек тағайындалды. Бұл туралы «Ертіс» ФК баспасөз-қызметі хабарлады.

Осы уақытқа дейін аталмыш міндетті Оразғұлов Расул Қабдоллаұлы атқарған еді. Бұдан бөлек, павлодарлық «Ертіс» футбол клубының бас директоры Жанайдар Дүйсембаев уақытша қызметінен шеттетілді. Бүгін командамен кездескен федерацияның жаңа президенті Расул Қабдоллаұлына атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар Ұлан Жазылбек ойыншылар мен жаттықтырушыларға өз істеріне деген талапты арттырып, «Ертіс» ФК жанкүйерлері артқан үмітті ақтауға барын салу керегін алға тартты.

- Біз өткенге көз жұмып, артқа қарамай, тек алға жылжуымыз қажет. Қазір ауызбіршілік аса маңызды. Қаржылай жағдай тұрақты, қарыздарымыз жоқ. Үздік үштікте болу мақсаты әлі алдымызда тұр, - деді Ұлан Жазылбек.

«Ертіс» капитаны Руслан Есімов, команда өз күшін енді тек жеңіспен дәлелдей алатынын жеткізді. Бұл ретте, «Ертіс» ФК бас бапкері Жерард Нус жаттықтырушылар мен футболшылар атынан жанкүйерлер алдында кешірім сұрап, сырт алаңдағы кезекті ойындарда команда нәтижемен оралу үшін барын салады деп мәлімдеді.