Ресей әйелдер құрамасының бас бапкері Елена Фомина матч алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сауалына жауап берді.

- Өте қиын топқа түстік. Әлем чемпионатына жолдама алуға әр қарсыластың мүмкіндігі бар. Ертеңгі ойын барлығын көрсетеді. Ойын басталмай тұрып, пікір айту қиын. Біздің құраманың сапында 18 футболшы бар. Олардың барлығы ертеңгі ойынға дайын. Жарақат алғандар жоқ.

- Сіздің команда бір ойында 0:6 есебімен ұтылып, екінші кездесуде 6:1 есебімен жеңе алады. Бұл ойыншылардың деңгейімен байланысты ма? Әлде көңіл-күйге байланысты ма?

- Сұрағыңызға рақмет. Әрине, ең алдымен қарсыластың деңгейіне байланысты. Екіншіден, бұл біздің дайындығымызға қатысты. Алғашқы ойында Англияға 6:0 есебімен жеңілдік. Бізге сол ойын қиынға түсті. Өйткені, футболшылар Еуропа чемпионатынан оралған еді. Кейін біздің құрама Универсиадаға қатысты. Ауыр кезең болды. Сол ойынға 100 пайыз дайын болмадық. Ал, Босния және Герцеговинамен өткен кездесуде оңай болды деп айта алмаймын. Бірінші болып қарсыластар гол соққан. Алайда, біздің футболшылар ерік-жігер танытып, жеңіске жетті. Әр ойынның өз ерекшелігі бар.

- Біздің топтағы бірінші және екінші орынға кімдер үмітті?

- Турнир кестесін қарасақ, Уэльс пен Англия құрамалары көш бастап келеді. Олар бір-бірімен тең ойнады. Алда әлі бірнеше ойын бар. Сол себепті кез келген құрама алғашқы екі орынға көтерілуі мүмкін. Соның қатарында Босния және Герцеговина құрамасы да бар.

- Англия мен Уэльс құрамалары 0:0 есебімен тең ойнады. Екі британиялық команда Ресейді алғашқы екі орыннан ығыстырып тастауды қалайды деген ойын келген жоқ па? Еуропаның Ресейге қарым-қатынасын да білесіздер.

- Мен үшін саясат туралы талқылау өте қиын. Статистикалық көрсеткіштерге қарасақ, Англия құрамасы қақпаға 26 соққы бағыттаған. Қорғанысын күшейткен Уэльс қарымта шабуылда үш-ақ соққы жасады. Бұл жерде бір-бірімен келісті деп айта алмаймын. Алайда, спорттың саясатқа ықпал ететін жоққа шығармаймын.

- Қазақстан туралы не айтасыз? Әлсіз және мығым тұстарын атап өтсеңіз?

- Қазақстан қорғаныста өте жақсы ойнайды. Қорғаныстың қалай жұмыс істейтін қарап шықтық. Өте сауатты қимылдайды. Сондай-ақ, жылдам қарымта шабуылға шығуды мақсат қояды. Содан қауіптенеміз. Қарсыластың сапынан бөле-жара ешкімді айта алмаймын.

- Қазақстан құрамасының ойыншысы Аида Гаистенова Ресейі чемпионатында ойнайтын «Енисей» клубына ауысты. Сол футболшының қандай мүмкіндіктері бар?

- Әзірге ештеңе айта алмаймын. Барлық оқу-жаттығу жиындары жабық өтуде. Мәлімет аз. Футболшының Түркиядағы ойындарын қарап шыққанмын. «Енисейдің» негізгі құрамында ойнайды деп ойлаймын.

- «Валенсияда» ойнайтын Надежда Карпова Ресей құрамасына неге шақырту алмады?

- Еуропада ойнайтын футболшылар көп емес. Солардың бірі – Карпова. Өкінішке қарай, толық ойын тәжірибесі жоқ. Әр матчта 12-14 минут ойнайды. Соңғы рет ақпан айында жасыл алаңға шықты. Біздің алға қойған мақсатты орындауға дайын емес.

- Ал, Қазақстанда дүниеге келген Ксения Коваленко не себептен тізімге ілінбеді?

- Коваленко сырқатына байланысты ұлттық құрамадан тыс қалды. Біз ресми ойындарға Испания және Португалияда оқу-жаттығу жиынына қатысқан футболшыларды шақырдық.