Ауыр атлетикадан Польшаның Вроцлау қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатында бүгін ерлер арасында 94, әйелдер арасында 75 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша медальдар топтамасы сарапқа салынады.

Онда ел намысын Мария Грабовецкая және Алмас Өтешов пен Владимир Седов қорғамақ. Алғашқы 6 күннің қорытындысы бойынша қазір турнир кестесінде 6 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен Қытай құрамасы көш бастап келе жатыр. Үздік бестікке сондай-ақ, 3 алтын, 2 күміс, 2 қоламен Ресей, 1 алтын, 5 күміспен Корей халықтық демократиялық республикасы, 1 алтынмен Тайвань, 1 күміс, 1 қоламен Әзірбайжан командалары еніп отыр.

20 қазан күні басталған бұл байрақты бәсеке ертең ерлер арасындағы 105 келі және одан жоғары салмақтағы атлеттердің сайысымен аяқталады. Онда Қазақстан құрамасынан Сергей Истомин, Ескендір Момынбеков (105 кг) және  Зелимхан Әбубакаров (+105 кг) өз бақтарын сынайтын болады. Бұған дейінгі сайыстарда күш сынаған Галина Мамонтова (48 кг), Маргарита Елисеева (53 кг), Сәуле Сәдуакасова (58 кг), Карина Горичева (63 кг), Жазира Жаппарқұл, Гүлназ Наурызова, Анастасия Халикова ( 69 кг), Арли Чонтей,  Тимур Хасаров (56 кг), Альберт Линдер (69 кг) жүлдеден сырт қалған болатын.