«Астана» Премьер-Лига ойындарының үшінші туры аясында сырт алаңда павлодарлық «Ертіспен» кездеседі.

Сөз жоқ, бұл кездесу турдың орталық ойыны болатыны анық. Себебі, турнирлік кестеде бірінші және төртінші орында тұрған екі команда өзара кездеспек. «Астана» осы маусымда ұпай жоғалтқан жоқ. Тіпті, қақпасына гол жібермеді. Ал «Ертіске» келер болсақ, павлодарлықтар өз алаңында екі ойында жеңіске жетіп, сырт алаңда оралдық «Ақжайыққа» 1:0 есебімен жол берді.

«Астана» және «Ертіс» командалары өзара 32 мәрте кездесіп, соның 18-де елордалық ойыншылар жеңіске жетсе, 6 ойында «Ертіс» басым түсіп, 8 ойын тең аяқталған. Доп айырмашылығы: 59:40.

Ал Павлодарда өткен ойындарға келер болсақ, бұл қаланың Орталық стадионында екі команда 15 рет кездескен. Соның жетеуінде астаналықтар басым түссе, 5 ойында алаң иелері жеңіске жеткен. Ал үш ойын тең нәтижемен аяқталған.

Бір қызығы, «Астана» Павлодардағы кездесулерде 2015 жылдан бастап жеңілмей келе жатыр. Соңғы рет астаналықтар Станимир Стоиловтың қол астында дәл осы жылы «Ертіске» 2:1 есебімен жол берген. Осыдан кейін елордалық ойыншылар 3 ойында тең түсіп, бір ойында 2:1 есебімен жеңіске жеткен.

Төрт дүркін чемпиондардың бес дүркін чемпиондарға қарсы кездесулердегі үздік сұрмергені Таңат Нөсербаев. Оның еншісінде 8 гол, 1 нәтижелі пас бар.

Ал «Астана» командасының қазіргі құрамынан үздік нәтиже Патрик Твумасиге тиесілі. Ганалық шабуылшы «Ертіске» қарсы ойындарда 4 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген.

Ал екі команда арасындағы жаңа теке-тірес 7 сәуір күні, сағат 15:00-де өтпек. Ойынды ҚКФЛ-ТВ онлайн жүйеде көрсетеді.