Шымкентте алаяқтыққа қатысты айыпталған «Ордабасы» футбол командасының бұрынғы жартылай қорғаушысы, 26 жастағы Эльдар Бақтығалиевтің соты аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

ОҚО әкімдігі атынан Бақтығалиев өткен жылы аудан әкімдері мен жеке құрылым басшыларынан миллиондаған қаржы жинап отырған. Ол аталмыш қаражатты қайырымдылыққа жұмсайтынын айтып, шын мәнінде өз қажеттілігіне жаратқан.

Оның алаяқтық әрекеттерінен 1,5 миллионға жуық теңгесін сарп еткен 12 тұлға зәбір көрген. Солардың ішіндегі аудан әкімдерінің бірі облыстық әкімдіктегі таныстары арқылы спортшының не үшін ақша жинап жүрегін анықтап көрген.

Сотта Бақтығалиев өзінің кінәсін толық мойындады. Кей жәбірленушілерге қаржысын қайтарып, олардың кешірімін алған. Қалғандары әзірге ақшасын алатынына үміттеніп, күтіп отыр екен.

Осылайша, алаяқтық жасаған азамат сот төрелігімен үш жыл бойы жалпы режимдегі колонияда жазасын өтейтін болды.