Ювентустың аты аңызға айналған қақпашысы Джанлуиджи Буффон өзіне екі мәрте гол салған Роналдуды ойын соңында құттықтады. Атақты қақпашының бұл мейірімді лебізі жанкүйерлер жүрегін елжіретті деп хабарлайды NUR.KZ-ке сілтеме жасаған Prosports.kz сайты.

Роналдуға тұра шапалақтаған туриндік жанкүйерлерге Джанлуиджи Буффон да қосылды. Ол әйгілі шабуылшыны ойын соңында өзі жеке барып құттықтаған.

Криштиану Роналду Буффон қақпасына 9 гол соққан бірден-бір футболшы.

"Ювентус" қақпашысы португалдық шабуылшыны жекелей құттықтап қана қоймай, баспасөз мәслихаты барысында да оған деген құрметі мен мадағын аямады.

«Роналду - керемет ойыншы. Ол алаңда нағыз жыртқыш қасиетке ие футболшы. Пеле мен Марадонна іспеттес. Криштиану кез келген ойынның тағдырын бір минут ішінде-ақ шешуге қауқарлы.

Футболда жеңілістер болып тұрады. Алайда, Чемпиондар Лигасында ұтылып қалу өте ауыр тиетіні сөзсіз. Әсіресе мен үшін. Бізге әлемнің үздіктерін біріктірген тамаша команда қарсы тұрды. Олардың бізге қарағанда мықтырақ болғанын мойындау керек», - деп қайырды қақпашы.

Айта кетейік, бұл Джанлуиджи Буффон үшін соңғы Чемпиондар Лигасы болса керек. Келесі жылы әйгілі қақпашы футболдағы мансабына нүкте қоймақшы.