Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында 25-26 қазан күндері еркін күрестен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске түсіруге арналған халықаралық турнир өтеді. Оны ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

7 салмақ дәрежесі бойынша өтетін бұл байрақты бәсекеде жеңімпаздар 5 мың, жаттықтырушылары 1 мың доллардан сыйақы алады. Ал күміс жүлдегер 3 мың, қолаға қолы жеткендер 1 мың доллардан иеленеді. Оған көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Ресейден командалар қатыспақ. Жарыстың алғашқы күні 55, 66, 84 және 120 келі салмақтағы балуандар белдеседі. Ал келесі күні 60, 74 және 96 келідегі үздіктер анықталады.