Бокстан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалдық кездесулері өтіп, жартылай финалға жолдама алған саңлақтарымыздың есімдері белгілі болды.

Алғашқылардың бірі болып шаршы алаңға шыққан 52 келідегі Ілияс Сүлейменов, өкінішке қарай, Уэльс боксшысы Эндрю Селбиден ұтылып қалды — 3:0. Дәл осы қарсылас Сүлейменовты Лондон олимпиадасының 1/8 финалында ұтқан еді.

Кездесуден кейін журналистермен тілдескен Селби «Қарсыласым бірінші раундта басым болды. Қалған екі раундта кездесуді өз қолыма алдым. Қазақ боксшысы өте мықты қарсылас» деді.

60 келіде Берік Әбдірахманов венесуэлалық қарсыласы Луис Диасты 2:1 есебімен ұтып, кем дегенде қола жүлдеге қол созды. Әбдірахманов енді кубалық Лазаро Эстрадамен кездеседі. Куба боксшысы таиландық Саилом Ардииді ұтты.

69 келіде Данияр Елеусінов италиялық Виченцо Манчикапрені жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Үш төреші де 30:27 есебімен жеңісті қазақ боксшысына берді. Даниярдың келесі қарсыласы — германиялық Аражик Маритжан.

Елеусіновтің жеңісті жолын 81 келіде Әділбек Ниязымбетов жалғастырды. Ол үндістандық Самит Сангванды жарыстан шығарды — 3:0.

+91 келіде Иван Дычконың қарсыласы үндістандық Сатиш Кумар жарақатына байланысты кездесуден бас тартқан. Осыған байланысты ол жартылай финалға шығып қойды.

Түскі сессияда төрт қазақ боксшысы жартылай финалға шыққан еді. Осылайша, әлемдік сынның жартылай финалына сегіз қазақ боксшысы шықты. Қоржынымызда сегіз жүлде. Бұл — біздің құраманың жеке рекорды.