Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында  қарағандылық «Шахтермен» ойынын өткізу үшін Қазақстанға Голландияның «АЗ Алкмаар» клубы келді. Кездесудің алдында қонақтардың бас бапкері Дик Адвокат баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

- Қарсыласымыз оңай шағылар жаңғақ емес. Шотландияның «Селтигімен» болған ойында бұл командаға сәл ғана сәттіліктің жетіспей қалғанын жақсы білемін. Сол кездесулерде қазақстандық команда өзін өте жақсы қырынан көрсете білді.

- АЗ үшін Еуропа лигасы қаншалықты маңызды?

- Командада жарақат алған ойыншылар көп. Дегенмен, біз бұл ойынға өте тыңғылықты дайындалдық. Жасырмаймын, Еуропа лигасы біз үшін өте маңызды. Турнирде жеңіске жететін мүмкіндігіміз зор.

- Кезінде Ресей ұлттық құрамасының бас бапкері болып тұрған шағыңызда Қазақстан футболы жайлы естідіңіз бе?

- Иә, Ресей ұлттық құрамасының бас бапкері болып тұрған кезімде Қазақстан жайлы көп естідім. Бұнда Германия және Голландиядан келіп жұмыс істеген мамандар мен жаттықтырушылардың аз емес екенін білемін.

- Кездесуге дайындық барысында «Шахтердің» ойындарын қарадыңыз ба?

- Иә, «Маккабимен» өткізген кездесулеріңізді көрдім. Сол матчта «Шахтер» өте тамаша ойнап, жеңіске бір табан жақын болды. «Кеншілердің» көрсеткен ойын сапасы да керемет болғанын мойындаймын.

- Жасанды алаң сіздің командаңыздың жарқын ойын үлгісін көрсетуіне кедергі бола ала ма?

- Мүмкін, ол да мүмкін. Бірақ біздің жігіттер жеңіске жету үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасайды.

- Команданың тізгінін қолыңызға алғаныңызға көп болған жоқ. Осы орайда, «АЗ Алкмаардың» әлеуетіне қандай баға бересіз?

- Біздің команда өте жас. Бірақ болашағынан зор үміт күттіретін футболшылар көп. Қазірдің өзінде кез-келген қарсыласымызды жеңуге шамамыз жетеді.

- Егер ертең жеңіске жете алмай қалсаңыздар, бұл сіздер үшін трагедия бола ма?

- Біз мұнда тек жеңіс үшін келдік. Алаң иелерінен басым түсі үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз.