Халықаралық Олимпиада комитеті 2026 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге ниетті жеті елдің тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты.

Австрия ҰОК Олимпиада өткізуге үміткер ретінде Грац қаласын, Канада ҰОК - Калгари, Жапония ҰОК - Саппоро, Швеция ҰОК - Стокгольм, Швейцария ҰОК - Сьон, Түркия ҰОК - Эрзурум қалаларын ұсынды. Италия ҰОК Ойындарды Кортина-д'Ампеццо, Милан немесе Турин қалаларында өткізуге ұсыныс жасады.

- Мен қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге қызығушылық танытып отырған барлық елдер мен қалаларға алғыс айтамын. Біз әлем спортшылары қатысатын Олимпиада ойындарын ұйымдастыру үшін ең үздік қаланы таңдап алғымыз келеді, - деп мәлімдеді ХОК президенті Томас Бах.

2026 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындары өтетін қала 2019 жылдың қыркүйегінде ХОК сессиясында белгілі болады.