Бүгін Петр Климентьевич «Ақтөбе» ФК бас бапкерінің көмекшісі болып тағайындалды. Петр Бадло – ақтөбеліктердің аты аңызға айналған ойыншысы. Ол көптеген жылдар бойы «Ақтөбе» сапында ойнап, клубтың дәуірі дүрілдеп тұрған кезде беделді ойыншылардың бірі болды. Бадлоны Самат Смақов, Марат Хайруллин және Константин Головской секілді атақты ойыншылардың қатарына жатқызады. Петр Бадло Қобыланды батырға ойыншы ретінде соңғы рет 2014 жылдың соңында шыққан болатын. Ол алаңда өзін нағыз һас батырдай ұстайтын, қара жұмыстан бас тартпайтын. Қарсыласпен қақтығыста аянбай, өз жұмысына берілген жан. Петр Бадло «Ақтөбе» құрамында 8 жылдың ішінде 4 рет Қазақстан чемпионы, 2 рет күміс жүлдегер, 3 рет қола жүлдегер атанды. Бір рет Кубокты жеңіп, 3 рет Суперкубок иегері және Достастық Кубогының күміс жүлдегері атанды.