«Астана» - «Қайсар» ойынынан кейін қызылордалықтардың бас бапкері Стойчо Младенов баспасөз мәслихатын өткізді:

— Біз 70 минут жақсы ойнадық, бірақ алғашқы 20 минутта ойын тағдыры шешіліп қойды. Бірінші гол «Астананың» керемет шабуылынан кейін соғылды, олар өздерінің деңгейін дәлелдеді. Екінші гол біздің қорғаушымыздың қарапайым сәттігі қателігінен кейін соғылды. Әрине, біз футбол ойнауға тырыстық, қолайлы сәттер де болды, бірақ біздің командада шабуылды голға айналдыру мәселесінде қиындықтар туындап жүр. Өкінішке қарай, соңғы үш ойында осылай. Бірақ біз алға қараймыз, әлі алдымызда көптеген ойын бар. Өз мақсатымызды білеміз, бұл жағдайды реттеуге тырысамыз.

— Негізгі құрамда бүгін неліктен алдыңғы ойындарда өздерін көрсеткен Марочкин мен Аркин емес, Ламанжбен Жаңғылышбай ойнады?

— Біз командада жақсы бәсекелестік қалыптастырдық. Әрине, біздегі деңгей «Астанамен» салыстыруға келмейді, бірақ позициялар бойынша теңдей ойын көрсеттік, алаңда кім ойнауының не айырмашылығы бар? Марочкин мен Ламанждың екеуі де жақсы ойыншылар, бұл тек жақсылықтың нышаны. Ламанж сапалы ойнады, бірақ оның қателігінің салдары ауыр болды. 20-минутқа қарай «Астана» сынды командадан 2:0 есебімен жеңіліп жатқан соң, жағдайды оңалту қиынға соғады.

— Неліктен команда 2:0 есебімен жеңіліп жатып, екінші таймда қорғанысқа иек артты?

— Жеңіліп жатып тек қорғаныста ойнайтын бапкер жоқ. Біз шабуылдауды қаладық, бірақ қарсылас Қазақстанның үздік командасы екенін ұмытпау керек. Курьорда, Жаңғылышбайда мүмкіндік болды, бірақ біз гол соға алмадық. Тактиканы өзгерттік, Мақсат Байжановқа шабуылға жақын ойнауға нұсқау бердік, бірақ бұл жеткіліксіз болды.

— Сіздің кетуіңізді талап ететін жанкүйерлер бар. Бұл сіздің жұмысыңызға әсерін тигізе ме?

— Жоқ, бұл менің жұмысым. Мен жұмысымды жалғастырамын, осы ұжымға сене беремін. Бізге жақсы жағдай жасалған, сондықтан алда бізді тамаша чемпионат күтіп тұр деп сенемін.

— Ненің есебінен ойынды күшейтіп, жағдайды реттемексіз?

— Қазақстанда әлсіз команда жоқ. Бізде «Ақтөбеге» қарсы бірінші ойында 10 мүмкіндік болды, бірақ гол соға алмадық. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, тек жолымыз болмады. Екінші ойында сенімділік болмай, қарсыласқа есепті теңестіруге мүмкіндік бердік — 1:1. Бірақ осы ойындармен чемпионат бітіп қалмайды. Командам жігерлі екеніне сенемін, біз жұмысымызды жақсарта аламыз.

— Келесі турда «Жетісуға» қарсы ойында сізден жеңіс күтуге бола ма?

— Біз әр ойында тек жеңіс үшін алаңға шығамыз. 4-3-3 сызбамыз шабуылдауға мүмкіндік береді, біз қарсылас кім болуынан тыс, жеңуді қалаймыз.