Испания Ла лигасының 30-шы туры аясында «Лас-Пальмас» командасына қонаққа барған «Реал Мадрид» қиындықсыз жеңіске жетті.

Бүгін ұлттық құрамалар арасында екі кездесуге қатысқан Роналду, Рамос, Марсело қатарлы ойыншылар мадридтік командаға көмектескен жоқ. Бірақ, Бэйл мен Бензема бастаған жігіттер сырт алаңда 0:3 есебімен жеңіске жетті.

Ойын есебін Бэйл ашты, Модричтен сәтті пас алған желаяқ шабуылшы қарсыластарының ешқайсысына жеткізбей қақпашымен бірге-бір шығып гол соқты. Ал одан кейін осы ойындағы команда капитаны Бензема да қанжығасын майлады. Ол пенальтиді сәтті орындады. Ал екінші таймда ойын үздігі Гарет Бэйл де пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды, әрі мүмкіндігінен мүлт кеткен жоқ. Қорытынды есеп 0:3.