«Астана» Президенттік клубының құрамына енетін «Астана» футбол клубы балаларға арналған футбол науқанын қайта бастады.

Бұл акция бойынша 28 наурыз күні Астана қаласының Өнеркәсіп ауылындағы №13 мектептің 3-5 сынып оқушыларына ашық дене шынықтыру сабақтары өткізілді. Аталмыш сыныптың оқушыларына ашық дене шынықтыру сабағын «Астана» футбол орталығының жаттықтырушысы Ербол Мұсабаев Қазақстан Фристайл федерациясының өкілдері жүргізді.

Ербол жылдамдық, допты алып жүру, пас беру сияқты футбол дағдылары бойынша балаларға өз тәжірибесімен бөліссе, ал фристайлшылар балаларға доппен түрлі трюктер көрсетті.

Ашық сабақ соңында 13 мектеп оқушылары мен ұстаздарына естелік сыйлықтар мен 31 наурыз күні «Астана Арена» стадионында өтетін «Астана» және «Қайсар» командалары арасындағы ойынға билеттер табыс етілді.

«Астана» футбол клубы стадионның Е8 секторын «отбасылық сектор» жасауды жоспарлап отыр. Ал балаларға арналған футбол науқанының қатысушылары өз ата-аналарымен бірге осы секторда «Астана» футбол клубының өз алаңындағы кездесулерінде елордалық командаға жанкүйерлік ететін болады.